23.11.2012

«Ажар» Қазақстан әйелдері жетістіктеріне қоғамдық құрмет көрсету ұлттық сыйлығы»

2012 жылғы 23 қарашада Астана қаласында өткен Үшінші Еуразиялық Әйелдер Саммиті (EWS-3) аясында ««Ажар» Қазақстан әйелдері жетістіктеріне қоғамдық құрмет көрсету ұлттық сыйлығы» Республикалық байқауы лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті.
«Ажар» сыйлығы – Қазақстан әйелдеріне қоғамдық құрмет көрсетудегі басты сыйлық. Оның мақсаты – өмірлік және әлеуметтік белсенді бағыт ұстайтын кәсіби іскер әйелдердің мәртебесін арттыру, олардың тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен көркеюіне қосқан айрықша үлесін бағалау.
Ерен еңбек көрсеткіштері, мінсіз іскери атақ, әлеуметтік және қайырымдылық бағдарламаларға белсенді түрде қатысу – байқауға қатысуға қойылатын міндетті шарттар.
Байқау 10 аталым бойынша жүргізіледі. Олардың әрқайсысына саясаткер әйелдер, экономистер, мемлекеттік қызметшілер, кіші және орта бизнес басшылары, дәрігерлер, ғалымдар мен қазақстан қоғамының көптеген басқа лайықты өкілдері қатысады. Әр адамның жеке күш-жігерін жетілдіруіне, сондай-ақ жұмыс пен тұрмыста басымдылық танытуына ықпал ететін еңселі еңбек, қарқынды қызметті ынталандыруда қоғамдық құрметтің маңызы зор.
Сараптама кеңесінің шешімімен «Экономика» аталымы бойынша «Ажар» сыйлығының иегері атағын «Рахат» АҚ бас технологы Наталья Мироновна Хильчук жеңіп алды.
«Рахат» АҚ ұжымы Наталья Мироновнаны лайықты құрметке ие болуымен шын жүректен құттықтап, денсаулығының зор, табысының мол болуына және кәсіби шеберлікпен жаңа биіктерден көріне беруіне тілектестік білдіреді.