«Рахат» компаниясы туралы

«Рахат» акционерлік қоғамы – 75 жылдық тарихы бар, Қазақстандағы кондитерлік өнім өндіретін ең ірі өндіріс орындарының бірі.

Кондитерлік өнімдер соғыс кезінде Мәскеу мен Харьковтан көшіріліп әкелінген жабдықтармен алғаш рет 1942 жылы арақ – ликер шығаратын зауыт алаңында шығарылды.

 «Рахат» АҚ-ында 4500-ге жуық адам еңбек етеді. Өндірістік қуат Алматы және Шымкент қалаларындағы екі өндіріс орнында шоғырланған.

Өндірістің жан-жақтылық сипаты, ауқымдылығы және какао дәндерін қайта өңдейтін жеке желінің болуы, отандық өндірушілермен салыстырғанда, кәсіпорында кондитерлік өнімдердің алуан түрін шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда «Рахат» АҚ-ының өнім қоржыны 14 топқа бөлінетін, 400-ден аса атауға ие, алуан түрлі кондитерлік өнімдермен  толыққан.

«Рахат» АҚ – сусамыр (диабет) ауруынан зардап шегетіндер үшін арнайы өнім шығаруды игерген, еліміздегі жалғыз кондитерлік кәсіпорын. Бұл топқа құнары аз, қанттың орнын табиғи шикізат толтыратын шоколад, кәмпит, печенье мен вафля сияқты бірнеше өнім түрлері кіреді. «Рахат» АҚ Қазақстандық басқа кондитерлік өнім өндірушілердің арасында шоколад өнімдерінің алуан түрін шығаруда басымдық танытуымен ерекшеленеді.

Кәсіпорында сапаны бақылаудың бірыңғай жауапкершілігі мен кешенді жүйесіне негізделген сапаны бақылаудың ішкі жүйесі құрылып, жүзеге асырылуда. Аталған жүйе бойынша шикізат пен өнімнің сапасы өндірістің әр сатысында жіті қадағаланады. 2013 жылдан бастап кәсіпорынға сапа менеджменті жүйесі енгізіліп, сертификаттау өткізілді. 2018 жылы «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ МЖСРО (менеджмент жүйесіне сәйкестікті растау жөніндегі орган) сапа менеджменті жүйесінің ҚР ISO 9001-2016 СТ талаптарына сәйкестігін растайтын инспекциялық аудит тексерісін өткізіп, компания қолданыс мерзімі 2019 жылдың 22 маусымына дейін белгіленген № KZ 7500318.07.03.00457 сәйкестік сертификатын иеленді.

2013 жылы компанияда ХАССП (HACCP-Hazard analysis and critical control points – қауіпті жағдайларды талдау және сындарлы бақылау нүктелері) қағидаттары негізінде тамақ өнімдерінің сапасын басқару жүйесі енгізілді және ҚР 1179-2003 СТ Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарты талаптарына сәйкестік бойынша сертификаттаудан өтті.

Қауіпті жағдайларды талдау және сындарлы бақылау нүктелері арқылы тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын реттейтін «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» КО 021/2011 ТР Кедендік одақтың техникалық регламентін қабылдау және қолдану аталмыш жүйені енгізуге басты арқау болды.

ХАССП жүйесінің «Рахат» АҚ-ына енгізілуі тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласы бойынша көзделген, заңнамалық талаптарға сәйкестікті растап, нақтылай түсті.

2018 жылдың тамыз айынан бастап «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ МЖСРО Алматы филиалы ХАССП жүйесінің инспекциялық аудит тексерісі аясында  № KZ 7500318.07.03.00458 сәйкестік сертификатының «Рахат»АҚ-ында қолданылуын растады.

«Рахат» АҚ-ында энергия тиімділігін арттыру мақсатында 2014 жылы ИСО 50001:2011 энергия менеджменті жүйесі әзірленіп, сертификаттаудан өтті. «ASTRAIA Certification» сертификаттау орталығы, s.r.0., Моста 13,949 01 Нитра, Словакия, қолданыс мерзімі 2017ж. 06 қарашаға дейін белгіленген № EnMS-2354-2014 сертификатын берді.

Жүйенің енгізілуі мыналардың: қуат қорларының анықталған тиімсіз шығындарын жою  және энергияны үнемдеу бойынша жұмыс күшін жұмсау; кәсіпорында энергия қорын шығындау нормаларын есептеу және жоспарлау жүйесін енгізу; кәсіпорынның энергетика паспортын әзірлеу; энергетикалық қызмет нәтижесінде атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың қалдықтарын реттеу және ішкі ахуалды жақсарту есебінен кәсіпорында энергия қорын пайдалануды орташа алғанда 7-13%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

2016 жылдан бастап «Рахат»  акционерлік қоғамы «Халал» талаптарына сәйкес өнімдер шығару құқығына ие болды. «Қазақстан Халал индустриясы» ассоциациясы» шоколад, кәмпит, печенье, ирис, вафля, сонымен бірге шоколад жасалатын жартылай дайын шикізаттардан құралған «Рахат» АҚ өнімдерінің 186 атауының «Халал» стандартына сәйкестігін растады. Ассоциация сарапшылары Шымкент қ. өндіріс орнымен қоса «Рахат» АҚ өндірісінің барлық сатысын тексерді. Кондитерлік өнім өндіруде қолданылатын шикізаттар мен ингредиенттерге арналған құжаттамаға мұқият талдау жүргізілді.

Компания өнімдері отандық нарықпен қоса жақын және алыс шет елдерге де белгілі. «Рахат» АҚ ішкі нарықта өз өнімдерінің жоғарғы деңгейдегі қолжетімділігі саясатын жүзеге асыруда. Еліміздің 14 облыс орталығымен қоса 18 қаласында компанияның өнім өткізу жүйелері болғандықтан, «Рахат» АҚ сату географиясы бүкіл Қазақстанды қамтиды. Алматы қаласында өнімдерді өткізу  ірі көтерме сауда арқылы сатып алушылар, сонымен қатар фирмалық бөлшек сауда орындары арқылы жүзеге асырылады. Республиканың басқа аймақтарына «Рахат» АҚ өнімдерін жеткізу фирмалық сапалы өнімдер сатуды жүзеге асыратын, ауқымды дистрибьюторлық желі (еншілес кәсіпорындар) құру арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі кезде «Рахат» АҚ Қазақстан нарығында ғана емес, республикамыздың  шет  аймақтарында да – Белорусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Германия, Қытай, Ауғанстан, Моңғолия, Ресей елдерінде сатылады. Келешекте ТМД-ның өзге республикалары мен алыс жатқан шет мемлекеттер тарапынан «Рахат» АҚ өнімдеріне қызығушылықтың артуына байланысты компания өнім шығаруды арттырып, экспорт көлемін ұлғайту арқылы өткізу нарығын кеңейтуді көздейді.

 Жыл сайын кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын ашу, өндіріс тұрақтылығын сақтау, жалақыны өсіру көзделген. Қызметкерлермен жасалатын өндірістік қарым-қатынас Жұмыс беруші мен Қызметкерлер арасындағы Ұжымдық шартқа негізделген. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарымен қоса ҚР Еңбек кодексінде көзделген барлық талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі. Компания қызметкерлерінің толыққанды әрі өнімді еңбек етуіне қолайлы  жағдай жасалуда. Бірінші, екінші, үшінші ауысым жұмыскерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылған асхана, жоғарғы санатты дәрігерлер қызмет көрсететін медициналық-санитариялық бөлім жұмыс істейді. Түрлі саладағы мамандарды оқыту мен олардың біліктілігін  арттыру жүйелі түрде  жүргізіледі, мемлекеттік тілді оқып-үйрену курсы ашылған.

2013 жылы Оңтүстік Кореяның «LOTTE Confectionery» кондитерлік компаниясы «Рахат» АҚ акцияларының негізгі пакетін иеленді. 2015 жылы «LOTTE Confectionery» «Рахат» АҚ-ының қолданыстағы акцияларын сатып алып, өз үлесін 92,44 %-ға дейін арттырды.